20 жел, 2019 сағат 18:05

Қарағанды облысының әкімі «АрселорМиттал Теміртауға» қатысты наразылығын білдірді

Өңір басшысы жүйе құраушы кәсіпорынды тауарлар мен қызметтерді сатып алуда жергілікті қамтуды сынға алды, деп хабарлайды облыстық әкімдіктің баспасөз қызметі.

«АрселорМиттал Теміртау» болат өндірісін жылына 6 млн тоннаға дейін ұлғайту туралы уәдесін неге орындамады? Металлургтер қаласының тұрғындары қашан таза ауамен демала алады? Қарағанды облысының әкімі Жеңіс Қасымбек компания басшылығына осындай сұрақтарды төтесінен қойды.

«Сіздер ел басшылығына жылына 6 млн тонна болат өндіруге уәде бердіңіздер. Бұл сіздердің инвестициялық келісімшартыңызда жазылған. Іс жүзінде, нәтиже бір жарым есе аз – осы жылдың қорытындысы бойынша 3,7 млн тонна болат күтілуде. Көлем бойынша өсіп жатқан жоқсыздар! Өткен жылмен салыстырғанда прокат өндірісі 20%-ға төмендеді», - деп Жеңіс Қасымбек Теміртаудың даму әлеуетін талқылау жөніндегі кеңесте компанияның атына наразылығын білдірді.

«АрселорМиттал Теміртау» АҚ атқарушы директоры Вадим Басиннің айтуынша, инвестициялық бағдарлама 5 млн тоннаға дейін түзетілді. Топ-менеджер жол картасы туралы еске салды, онда компания үш жыл ішінде өндірісті жаңғыртуға 305 млрд теңге салуды міндеттеді.

«Біз инвестициялардың 70%-ын сіздер игергендеріңізді білеміз. Жыл сайын 100-105 млрд теңге саласыздар. Өндіріс көлемін арттыру, мемлекет алдындағы міндеттемелерді орындау үшін бұл жеткіліксіз екенін көріп отырмыз. Біз кәсіпорынның даму стратегиясын түсінгіміз келеді, екі жылдан кейін, бес жылдан кейін қанша адам жұмыс істейтін болады. Және қаланы, инженерлік, әлеуметтік инфрақұрылымды дамыту бойынша өз жоспарларын сәйкестендіру керек», - деді Жеңіс Қасымбек.

Өңір басшысы жергілікті шағын және орта бизнесті қолдау бойынша да компанияға сын айтты. Тауарлар сатып алуға жұмсалған 32 млрд теңгенің 900 млн теңгесі ғана қарағандылық өнім өндірушілер үлесіне тиесілі – ол барлық жоғы 3%. Облыс әкімі бұл көрсеткіш өте аз екенін атап өтті.

«Жұмыстар мен қызметтер бойынша да жағдай осыған ұқсас. 45 млрд теңгенің ішінде қазақстандық компаниялардың үлесі 30% ғана құрайды. Бұл ретте өңірдің шағын және орта бизнесі өнімнің үлкен ассортиментін ұсынатынын ескерсек. Біз барлығымыз патриоттармыз! Қазақстандық үлесті арттырайық», - деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімі жақын арада қалада шағын және орта бизнесті дамыту бойынша бірлескен кеңес өткізуді тапсырды.

Өңір басшысы комбинаттағы апаттық ғимараттар мен құрылыстарға қатысты мәселелерді де қозғады. Бұл өндірістегі ірі апаттарға әкеледі, деп атап өтті ол.

«Қабылданып жатқан шараларға қарамастан, Теміртаудағы экологиялық жағдай шиеленісіп тұр. Сіздер көп ақша салғанын баяндайсыз. Бірақ адамдар нәтиже мен нақты жақсартуларды көрмейді», - деді Жеңіс Қасымбек.

Облыс әкімі сондай-ақ ЖЭО-2-дегі ұзаққа созылған жаңғырту жөнінде да айтты. Өңір басшысы жобаны жүзеге асыруды тездетуді талап етті.