© Photo: ҚР ТЖМ баспасөз қызметі
Қарағанды облысында «АрселорМиттал Теміртау» АҚ-ның Костенко атындағы шахтасында қаза болған кеншілер саны өсті, құтқарушылар шахтадан тағы төрт азаматтың денесін тапты, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Төтенше жағдайлар министрлігінің баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Ведомство мәліметінше, сағат 15:00-дегі жағдай бойынша 42 адамның денесі табылып, 4 кеншіні іздеу жалғасып жатыр.
"Аварияны жою жөніндегі республикалық жедел штабтың басшысы, Төтенше жағдайлар министрі, генерал-майор Сырым Шәріпханов шахтаға түсті. Өрт тұтанған және кеншілердің қаза болған жерлеріне тексеру жүргізілді.
Аварияны жою жөніндегі жедел штаб тәулік бойы іздестіру-құтқару жұмыстарын үйлестіріп жатыр. Ең қауіпсіз және кеншілер болуы мүмкін ықтимал учаскелер бойынша тау-кен құтқарушыларының өту жолдары пысықталуда.
Іздестіру жұмыстары бір-бірінен шамамен 4 км қашықтықта орналасқан екі өндіру учаскесінің ауданында жүргізіліп жатыр" - делінген хабарламада.
Ведомство мәліметінше, тау-кен құтқарушылары қажетті жабдықтармен және байланыс құралдарымен қамтамасыз етілген. Сондай-ақ газ жағдайын бақылау жалғасып жатыр.
"Іздестіру-құтқару жұмыстарына «Кәсіби әскерилендірілген авариялық-құтқару қызметтерінің республикалық орталық штабы» ЖШС Қарағанды филиалының 55 тау-кен құтқарушысы және 15 техникасы жұмылдырылды.
Ал шұғыл медициналық көмекті қамтамасыз ету үшін 21 адам және 7 бірлік жедел медициналық жәрдем техникасы жұмылдырылды.
Бұдан басқа, ТЖМ және Қарағанды облысының ТЖД-да республикалық және облыстық жедел штабтар жұмыс істейді" - делінген хабарламада.