14 мау, 2022 сағат 10:43

Қарағанды облысында жаппай мал қырылған ауыл карантинге жабылды


Қарағанды облысының Шет ауданы Ақшоқы ауылында мал қырылу дерегі тіркелді. Облыстық ветеринария қызметі аурудың себебін анықтап жатыр. Әзірге ауылды қоршай карантин бекеті орнатылған, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Малдың жаппай қырылуын Ақшоқы ауылының тұрғындары соңғы он күнде байқаған.

Ветеринарлар мұны белгісіз сипаттағы инфекциялық ауру деп отыр.

Бас-аяғы 240 бас мал дерт жұқтырған. Оның ішінде ресми деректерге сүйенсек, 76 ірі қара арам өлген. Басым бөлігі - бұзаулар.

Ауыл тұрғындарының айтуынша, жануарлардың кенеттен тәбеті жоғалып, жатып қалады.

«Өлекселер инсинератор арқылы өртелді. Жою жұмыстары ауылдық округке тиесілі ескі мал қорымының аумағында, мүдделі мемлекеттік органдардың, аудандық ветеринариялық станция мамандарының қатысуымен жүргізілді. Ветеринарлар мал иелерімен бірлесіп, ауырған жануарларға симптоматикалық емдеу шараларын жүргізіп жатыр», - деп хабарлады Қарағанды облыстық ветеринария басқармасының баспасөз қызметі.

Жалпы Ақшоқы ауылдық округінде 2,5 мыңнан астам ірі қара мал бар.

Мамандар дерттің тарап кетуіне жол бермес үшін ауылдың кіреберісіне бекет орнатты.

Аурудың диагнозын анықтау мақсатында сынама алынып, республикалық ветеринария зертханасының Қарағанды облыстық филиалына жеткізілді.