Қарағанды облысының коммерциялық кәсіпорындарының бірінің басшысы рұқсат құжатысыз антисептик жасап, сатқан. Кәсіпорын қоймасынан үш тоннадан астам зарарсыздандыру құралы тәркіленді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".
ҚР ҚМ Қаржы мониторингі комитетінің Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаменті 2 сәуірде жалған антисептикалық препаратты дайындау және өткізу фактісінің жолын кесті.
Елде жарияланған төтенше жағдай кезінде Қарағандыдағы коммерциялық кәсіпорындарының бірінің басшысы тиісті рұқсат беру құжаттарынсыз антисептикалық құрал жасап, сатқан. Аталмыш кәсіпорын бұрын лак-бояу өнімдерін дайындаумен айналысқан.
«Жүргізілген жедел-іздестіру іс-шараларының нәтижесінде құрамында белгіленбеген антисептикалық заттарды өндіру және ыдыстарға құю жөніндегі жабдықтары бар цех анықталды. Үш тоннадан астам дайындалған антисептика литріне 3 000 теңге бағасымен сатылған. Сондай-ақ кәсіпорыннан 40 литр техникалық спирт тәркіленді. ҚР ҚК 214 бабы бойынша сотқа дейінгі тергеу басталды (санкция мүлікті тәркілеумен 5 жылға дейін бас бостандығынан айыруды қарастырады), Дайындалған және сатылған өнімнің барлық көлемін анықтау бойынша жедел-тергеу шаралары жүргізілуде», - деп хабарлады Қарағанды облысы бойынша Экономикалық тергеу департаментінде.