31 қаз, 2023 сағат 12:39

Қарағанды облысында шахтадағы апаттан кейін 27 кенші ауруханада жатыр

Фото: Freepik

Қарағанды облысының әкімі Ермағанбет Бөлекпаев Костенко атындағы шахтадағы апаттан зардап шеккендердің жағдайы туралы айтты, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.

"Бүгін таңертеңгі жағдай бойынша зардап шеккен 27 адам медициналық мекемелерде дәрігерлердің бақылауында. Бір кеншінің жағдайы ауыр деуге болады, 24-нің жағдайы орташа, қалған екі науқастың жағдайы қанағаттанарлық. Барлық пациент қажетті медициналық көмек алып жатыр", - деді Бөлекпаев Үкімет отырысында.

Әкімнің айтуынша, қаза тапқан әрбір кеншінің отбасына мемлекеттік органдардың басшылары мен депутаттар бекітілді. Олар жерлеу рәсімдеріне қатысып, тиісті төлемдерді бақылайды және тұрмыстық проблемаларды шешеді. Жерлеу рәсімдерін өткізуге, көлікпен қамтамасыз етуге қажетті көмек көрсетілуде.

Сондай-ақ басқа өңірлерден, алыс-жақын шет елдерден туыстары мен жақындарының келуіне көмек көрсетілуде.

"Қаза тапқан кеншілер отбасыларының әлеуметтік портреті жасалды. Көпбалалы отбасылар, жалғыз асыраушысы және кәмелетке толмаған балалары бар отбасылар анықталды. Қаза тапқандардың ипотекалық және басқа да несиелері, тұрғын үй жағдайлары туралы ақпарат жиналды", - деді Бөлекпаев.

Облыс әкімі кеншілердің отбасылары көмексіз қалмайды деп сендірді.