Қарағанды облысында Land Cruiser көлігі пойызбен соқтығысты, деп хабарлайды «ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ баспасөз қызметі.
Оқиға 3 наурыз күні сағат 05:40 шамасында Қарағанды - Сороковая учаскесінде болған. Аумақ күзетіледі және теміржол өтпесінде дабыл жүйесі жұмыс істеп тұрған.
«Land Cruiser автокөлігі пойызбен соқтығысты. Пойыздың машинисті шұғыл тежегішті басқанымен, тым жақын аралықтан соқтығыстың алдын алу мүмкін болмады. Зардап шеккендер жоқ», - делінген хабарламада.
Алдын ала мәліметке сәйкес, автокөлік жүргізушісі өрескел түрде жол ережесін бұзып, жақындап қалған пойыздың алдында темір жолға шығып кеткен.
«Жыл басынан бері көлік жүргізушілерінің кеселінен теміржол өткелдерінде соқтығысудың үш жағдайы тіркелді. 2018 жылы дәл осындай 10 жағдай орын алды. «ҚТЖ - Жүк тасымалы» АҚ темір жолды кесіп өтерде автокөлік иелеріне абай болуға шақырады», - делінген хабарламада.