Қарағанды облысының Нұра ауданында браконьерлер 72 киікті өлтіріп, мүйізін кесіп алып кеткен, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ҚР Экология, геология және табиғи ресурстар министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар әлемі комитетінің төрағасы Асхат Қайнарбеков мәлім етті.
«2019 жылдың 26 қазанында «Охотзоопром» ӨБ РМҚК Орталық өңірлік филиалының жедел тобы Нұра ауданында мүйізі кесілген 30 өлі киік табылды. Аталған факт Нұра ауданының полиция бөлімінде сотқа дейінгі тергеудің бірыңғай тізіміне тіркеліп, Қылмыстық кодекстің 337-бабы 4-тармағы бойынша іс қозғалды», - деді спикер елордада өткен браконьерлікпен күрес туралы брифингте.
Ал 27 қазан күні тағы 42 өлі киік табылды. 72 киіктің 67-сі үлкен, 5-уі - жас төл болған.
«Оқиға орнынан «Феттер» маркалы 12 калибрлі 5 гильза табылды. Сол күні «Охотзоопром» ӨБ РМҚК және Нұра ауданының полициясы жүргізген жедел-іздестіру шарасында Қонақай көлінің маңынан киік атқан Тойота маркалы екі автокөлік табылды. Көлік иелері Ақмола мен Қостанай облыстарының арасындағы Майлыкөлге қарай қашқан. Тәртіп бұзушылар іздестіріліп жатыр. Бұл жағдай бойынша, Нұра ауданы ІІБ барлық жеке құрамы мен Қарағанды облысы бойынша хабар жіберілді», - деп түсіндірді министрліктің баспасөз қызметі.
Еске сала кетсек, ҚР Ұлттық қауіпсіздік комитеті Қытайға киік мүйізін контрабандалық жолмен тасымалдаған қылмыстық топты ұстаған еді. Мәліметке сай, олар 1 тонна 118 кг (3 мыңнан астам жануар) киік мүйізін шекара асырмақшы болған.
Осыған байланысты, Мемлекет басшысы Қасым-Жомарт Тоқаев Twitter-дегі парақшасында құқық қорғау органдарын киікті заңсыз қырған қаскөйлердің әрекетіне тоқтау салуға шақырды.