Фото: Polisia.kz
5 наурызда ІІМ ұйымдасқан қылмысқа қарсы күрес департаменті мен ҰҚК 5-ші департаменті бірлесіп, Қарағанды облысындағы криминогендік жағдайға ұзақ уақыт бойы теріс әсер етіп келген қылмыстық топ әрекетінің жолын кесу бойынша арнайы операция жүргізді, – деп хабарлайды Polisia.kz.
Бұл топтың мүшелері атыс қаруын қолданып, түрлі қақтығыстар ұйымдастырған. Осылайша қоғамдық тәртіпті бұзған.
Жедел деректер бойынша топ мүшелерінің саны 50-ге жуық, оның ішінде құқық қорғау органдарының бұрынғы қызметкерлері, сондай-ақ күзет ұйымдарының қызметкерлері де бар. Көшбасшы мен топ мүшелері арасында нақты иерархия құрылған. Әрбірінің өз рөлі мен міндеті болған. Жасырыну шаралары қатты сақталған.
"Өткізілген арнайы іс-шаралар нәтижесінде өңірдің ірі өнеркәсіптік объектілерінде, оның ішінде “Арселлор Миттал Теміртау” Акционерлік қоғамында тауарлық-материалдық құндылықтарды ұрлау фактілері ашылды.
Топ мүшелерінің бірқатар ашылмаған ауыр және аса ауыр қылмыстарға қатысы бары анықталды – бұл бопсалау, денсаулыққа ауыр зиян келтіру, кісі өлтіруге оқталу және бұзақылық.
Арнайы операция барысында 100-ден астам тінту іс-шаралары жүргізілді, 9 атыс қаруы, 200-ге жуық оқ-дәрі, гранатомет, тротил, гранаталар, құжаттар және жалған мөрлер, діни әдебиеттер, қолма-қол ақша, жылжымалы және жылжымайтын мүлік, сондай-ақ қашықтан тыңдауға арналған арнайы техникалық тыңдау құралдары тәркіленді. Полицияға 40 адам жеткізілді. Жедел-тергеу шаралары жалғасып жатыр" - делінген хабарламада.