01 там, 2024 сағат 11:43

Қарағанды облысында бассейн салуға жауапты маман 130 миллион теңге жымқырған

Фото: Википедия

Қаржылық мониторинг агенттігі Қарағанды облысында бассейн салуға бөлінген бюджет қаражатын жымқыру фактісін тергеп жатыр. 

Балалар спортын дамытуға бағытталған әлеуметтік маңызы бар объектінің құрылысын бақылаған азамат орындалған жұмыстың жалған актілері бойынша жеткізілмеген құрылыс материалдары үшін өзіне қарасты кәсіпорынның шотына, сондай-ақ бассейн құрылысына қатысы жоқ басқа кәсіпорындардың атына қаражат аударған.

Кешенді сот құрылысы-экономикалық сараптамасының қорытындысына сәйкес, мемлекетке орындалмаған жұмыс пен жеткізілмеген материалдардан тұратын 130 млн теңгеден астам залал келген.

Аталған азамат ұсталып, үйқамаққа алынды.

Қазіргі уақытта сотқа дейінгі тергеу жүріп жатыр. 

ҚР ҚПК 201-бабы тәртібіндегі өзге ақпарат жарияланбайды.