Қарағанды облысында балаларды ұрды деп айыпталған жекеменшік балабақша тәрбиешісі жұмыстан босатылды. Бұл туралы облыстық білім басқармасының баспасөз қызметі өкілі мәлімдеді, - деп хабарлайды Tengrinews.kz.
"Қарағанды облысының білім басқармасы басшылығы "Әдемі" жекеменшік балабақшасында болған оқиғаны бақылауына алды. Барлық кінәлі тұлға жауапқа тартылады. Бейнебақылау камерасына түсіп қалған тәрбиеші жұмыстан босатылды", - деп атап өтті ведомство өкілі.
Жазба жарияланғаннан кейін оған Абай ауданының білім бөлімі қызметкері оқиғаға қатысты пікір білдірді. Ведомствода бұл дерек бойынша комиссия құрылғаны, қорытындысы бойынша шаралар қабылданатыны айтылды. Сондай-ақ, бұл видеоны полиция қызметкерлері де тексерді.
"Оқиға Қылмыстық кодекстің 140-бабында көзделген "Кәмелетке толмаған адамды тәрбиелеу жөніндегі міндеттерді орындамау" бойынша Абай ауданының ПБ-да тіркелді. Сотқа дейінгі тергеу барысында полиция қызметкерлері 20 жастағы күдіктіні анықтады. Тергеу амалдары жүргізіліп жатыр", - деді Қарағанды облыстық полициясының баспасөз қызметі өкілі.