25 нау, 2022 сағат 10:35

Қарағанды облысында балабақша тәрбиешісі балаларды ұрды деп айыпталды


Қарағанды облысы Абай қаласындағы "Әдемі" балабақшасының қызметкері балаларды ұрды деп айыпталып жатыр. Әлеуметтік желіде мектепке дейінгі мекеме тәрбиешісінің балаларды шапалақпен ұрып жатқан видеосы кеңінен таралған, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

Қазнетте қызу талқыға түскен видеоны таяқ жеген өз балаларын таныған ата-аналардың бірі жариялаған. Видеоның мектепке дейінгі мекемеде орнатылған бақылау камераларының жазбаларын көру кезінде компьютер мониторынан түсірілгенін аңғаруға болады.

"Бүгін камералардан осы видеоны көріп, төбемізден жай түскендей болды. Оқиға Қарағанды облысы Абай қаласындағы "Әдемі" балабақшасының бір тобында болған", - делінген жазбаның сипаттамасында.

Қарағанды облысы полиция департаментінің баспасөз қызметі бұл жазбаны полиция өз бақылауына алғанын айтты.

Абай аудандық білім бөлімі де жағдайға қатысты пікір білдірді. Ведомоства "Әдемі" балабақшасының жекеменшік мектепке дейінгі мекеме екенін хабарлады.

"2021 жылдың ақпан айында 550 орындық жекеменшік балабақша ашылды. Ол біздің қарамағымызға кірмейді. Бұл дерек бойынша комиссия құрылып, тексеру қорытындысы бойынша қажетті шаралар қабылданатын болады", - деді білім басқармасы.