07 қыр, 2022 сағат 21:16

Қарағанды облысында 8 аумақтан шыққан өртті сөндіру жалғасып жатыр


Қарағанды облысында әлі де 4 орман өрті мен 4 дала өртін сөндіру жалғасып жатыр, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Өңірде ауа райының ыстық болуына және қатты жел соғуына байланысты жоғары өрт қауіпсіздігі сақталып отыр. 

Шет ауданында, Қызылтау ауылынан 12 шақырым жерде 5 қыркүйекте құрғақ шөп өртенді. От 300 га жерді шарпыды, осы ауданның Нұраталды ауылдық округінде, Шопа ауылынан 25 шақырым жерде, 6 қыркүйекте басталған дала өртін жою жалғасуда. Алдын ала мәліметтер бойынша, бұл учаскеде өрт аумағы 1000 га құрады. Сондай-ақ дала өрті Нұра ауданы, Қарақойын ауылдық округінің Керей ауылынан 50 км қашықтықта орын алған. Алдын ала деректер бойынша құрғақ шөптің жану алаңы 200 га құрады.

Бұқар Жырау ауданында, Белағаш орманшылығының аумағында, Төрткөл ауылынан солтүстік-шығысқа қарай 20 км жерде, 6 қыркүйекте сағат 16:40-та құрғақ шөптер мен ағаштар өртенді. Орман өртінің болжамды ауданы – 10 га. Шет, Қарқаралы және Нұра аудандарында әлі де дала аумағы өртеніп жатыр.

«Барлық өрт ошақта ТЖД, жергілікті атқарушы органдардың ерікті өрт сөндіру құрамаларының және орманшылықтардың күштері жұмылдырылды. Жалынды сөндіруге 362 адам мен 83 техника жұмылдырылды», – деп хабарлады ТЖД.