14 нау, 2022 сағат 18:11

Қарағанды облысы әкімдігінде қант жағдайына қатысты түсініктеме берілді


Қарағанды облысында қант тапшылығы жоқ. Көтерме сауда қоймаларында тәтті тауар қоры бар. Алдағы күндері тағы он вагон жеткізілуі тиіс, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Облыс әкімдігінде қант дүрлікпесі орын алған жағдайға қатысты түсініктеме берілді. 

«Таңертең көтерме саудагерлермен сөйлестік. Қазір олар барлық сауда нысандарына қант жібереді. Қоймаларда 500 тоннадан астам қор бар. Бұдан басқа, он вагон келе жатыр және тағы бес вагон қанттың ақшасы төленді», – деп хабарлады кәсіпкерлік басқармасының басшысы Татьяна Аблаева аппараттық кеңесте. 

Ол тұрақтандыру қорында қант қоры бар екенін және азық-түлік корпорациясы өнім партиясын бөлетінін жеткізді.

«Қантқа да, басқа тамақ өнімдеріне де қатысты проблемалар жоқ. Жағдайды ерекше бақылауда ұстауды сұраймын.Алыпсатарлық болған жағдайда мәселелерді жедел шешу керек», – деді облыс әкімі Жеңіс Қасымбек.