17 қар, 2022 сағат 11:20

Қарағанды облысында 14 жүк вагоны рельстен шығып кетті


Қарағанды ​​облысындағы Қарабас өткелінде 14 жүк вагоны рельстен шығып кетті, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" "Қазақстан темір жолы" компаниясының баспасөз қызметіне сілтеме жасап.

Оқиға 17 қараша сағат 06:15-те болған.

"Қарағанды ​​облысының Қарағанды-Сұрыптау-Ақадыр учаскесінің Қарабас - ОП 767 өткелінде жүк пойызының 14 вагоны рельстен шығып кетті. Құрбандар мен зардап шеккендер жоқ", - делінген хабарламада.

Бұл учаскеде жолаушылар және жүк пойыздарының қозғалысы уақытша тоқтатылды. Алдын ала болжам бойынша, жүк пойызының рельстен шығуына жекеменшікке тиесілі вагондардың дұрыс жұмыс істемеуі себеп болған.

ҚТЖ-да болған оқиғаның мән-жайын анықтау үшін арнайы комиссия құрылды.

Оқиға орнына Қарағанды, Жаңаарқа, Астана станцияларының үш қалпына келтіру пойызы жұмылдырылған.