Қарағандыда роупджампингте қайтыс болған 33 жастағы әйелдің өлімі бойынша басты сот отырысы басталды, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.
Қылмыстық іс судья Манат Жұмақаеваның төрағалығымен Қазыбек би аудандық сотында қаралып жатыр. Күдікті ретінде 32 жастағы аттракцион нұсқаушысы бар. Оған ҚР ҚК 306-бабының 3-бөлігі "абайсызда адам өліміне әкеп соққан, тұтынушылардың өмірі мен денсаулығы қауіпсіздігінің талаптарына жауап бермейтін жұмыстарды орындау не қызметтер көрсету" бойынша айып тағылды.
Сотталушының адвокаты істі прокурорға қайтару туралы өтініш білдірді. Ол сотталушы роупджампингтің ұйымдастырушысы емес екенін, сонымен қатар FLY Kazakhstan ЖШС-де жұмыс істемегенін, тек Ильичевке көмектескенін айтты. Сондай-ақ, адвокат бұл іс ҚР ҚК-нің "абайсызда өлім келтіру" 104-бабына қайта саралануы тиіс екенін атап өтті.