Биыл қара металлургия саласында экспорттық әлеуеті 3 млрд доллар болатын жобалар іске қосылады.
Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Индустрия және инфрақұрылымдық даму министрі Қайырбек Өскенбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«2022 жылдың негізгі жобаларын атап өтсем. Олар: Атырау облысында пропилен өндіретін зауыт салу; Қарағанды облысында автомобиль шиналарын жасайтын зауыттың құрылысы; Ақмола облысындағы алтын өндіру фабрикасы мен Түркістан облысында мұнай өңдейтін зауыттың құрылысы. Сондай-ақ Шымкент қаласында алюминий банкілерін өндіру бойынша жоба іске қосылады. Сонымен бірге Шығыс Қазақстан облысында - май экстракциялық зауыты; Жамбыл облысында - минералды тыңайтқыштар өндірісін кеңейту жоспарлануда. Алматы қаласында алюминий және биметалл радиаторларының өндірісі іске қосылады», - деді министр.
Оның атап өтуінше, қара металлургия саласындағы алдыңғы қатардағы жобалардың тізіміне 4 жаңа болат құю зауыты, 2 жартылай кокс өндіру зауыты және 5 ферроқорытпа зауытын іске қосу кіреді. Жобаларды іске қосу 1,2 млрд АҚШ доллары көлеміндегі импортты алмастыруға, сонымен бірге 3 млрд АҚШ доллары сомасына экспортқа шығаруға бағытталған.
«Түсті металлургия саласында 2025 жылға дейін 11 негізгі жобаны іске асыру жоспарланып отыр. Алюминийден өнім өндіру бойынша 6 негізгі жобаны жүзеге асыру жоспарлануда. Бұл экспорт көлемін 645 млн АҚШ долларына арттыруға мүмкіндік береді. Мыстан дайын бұйымдар шығаратын 3 зауыттың құрылысы жоспарлануда. Бұл да экспорт көлемін 200 млн АҚШ долларына ұлғайтуға мүмкіндік ашады», - деді ол.