08 қаң, 2017 сағат 21:38

«Қара алтынның» қадiрi Қазақстан үшiн қашанда бiлiнiп тұрады

Бiздiң басты “қорегiмiз” мұнай болғандықтан оның тағдырына алаңдамай тұра алмаймыз. Бюджет бүйiрiнiң томпаюы да, Ұлттық қор қазанының бұрқ-сарқ қайнауы да, тiптi бар шаруаның шатқаяқтамауы осы “қара алтынның құдiретiне” байланысты. Сондықтан мұнай бағасы көтерiлсе қуанып, құлдыраса тұнжырай қалатынымыз осыдан.

Өткен қараша айындағы Венада өткен басқосуда “ОПЕК-ке мүше емес елдер де мұнай өндiрiсiн тәулiгiне 0,6 млн баррельге шектеуi тиiс”, – деген шешiмнiң шетi шыққаны белгiлi. Сол кезде сарапшылар Ресей шамамен мұнай өндiрiсiн 0,4 млн “бөшкеге” шектейтiнiн жазған едi. Энергетика министрi Қанат Бозымбаев сол тұста: “Бiз ОПЕК-тегi мұнай алпауыттарының бiрi емеспiз, әйтсе де серiктестерiмiздiң ұстанымына назар аударамыз”, – деп мәлiмдеген. Шынында да, 10 желтоқсанда Венада ұйымдастырылған ОПЕК-тiң картельге кiрмейтiн елдермен арадағы кездесуiнде бiраз жайттың басы ашылды. Бiздiң елiмiз өзгелермен бiрдей келер жылдан бастап мұнай өндiрiсiн тәулiгiне 20 мың баррельге шектеуге мiндеттеме алды. Мамандар “20 мың баррель пәлендей көп мұнай емес” дегендi көлденең тартуда. Дегенмен баррельдi тоннаға айналдырғанда, оның көлемi жылына 1 млн тонна өнiм екенiн көремiз. 1 млн тонна Қазақстан сияқты шағын (экономикасы) ел үшiн көп-көрiм “олжа”. Өйткенi кейбiр ұсақ компаниялардың жылдың өндiрiсi осы көрсеткiшпен шамалас көрiнедi. 

Демек, 2017 жылы “қара алтын” өндiрiсiн көбейтемiз деген бiздiң шенеунiктер айналып келгенде, өндiрiсшi-елдердiң келiсiмiн орындауға мiндеттi. Сонда бұл шешiмдi бiздiң ел қалай орындайды? 

Энергетика министрлiгiнiң мәлiметiне қарағанда, есеп қараша айындағы мұнай өндiрiсiнiң көлемiне қатысты жүргiзiлетiн секiлдi. Яғни, осы айдағы өндiрiс деңгейi ескерiледi. Естерiңiзде болса, Қашаған мұнайы осы қарашада алына бастады. Энергетика министрлiгiнiң таратқан мәлiметтерi бойынша, бұл айда тәулiгiне 1,7 млн баррель өнiм алынған. Мамандар бұл көрсеткiштi тоннаға шаққанда оның көлемi жылына 87 млн тоннаға дөп келетiнiн жазады. Өткен 25 жыл iшiнде Қазақстан жылына мұндай мұнай өндiрiп көрмедi. Қателеспесек, бiздiң көрсеткiшiмiз жылына 80 млн тоннадан асқан да жоқ. 

Мамандар картельге кiрмейтiн өндiрiсшi-елдердiң келiсiмiне сәйкес, Қазақстан мұнай өндiрiсiн шамамен тәулiгiне 1,68 баррельге шектеуi тиiс екенiн айтуда. Шектеу көлемiн былай қойғанда, сарапшылар шектелетiн мөлшерге жету де бiз үшiн оңай емес екенiн жазады. Демек, 2017 жылы “қара алтын” өндiрiсiнде Қазақстанды “тосынсыйлар” күтiп тұр. 

Ал өндiрiстi шектейтiн болсақ, онсыз да дайын отыны бiрде жетiп, бiрде жетпейтiн iшкi нарықтың ахуалы не болмақ? Отандық мұнай өңдеу зауыттарын шикiзатпен қалай қамтамасыз етемiз? Жоғарыдағыларды бұл мәселе толғандыра ма, жоқ па, ол жағын дөп басып айта алмаспыз. Әйтсе де, Павлодар мұнай өңдеу зауыты мен Шымкент мұнай өңдеу зауыты шикiзатты әлi күнге дейiн Ресейден алып жатқанын жақсы бiлемiз. Келiсiм бойынша, терiскейдегi қоңсымыз мұнай өндiрiсiн бiзге қарағанда молынан шектейдi. 

Ресейдiң мойнына алған шектеу мөлшерi 0,4 млн “бөшке” де оңай көрсеткiш емес. Күнi ертең “өзiмiзге де жетпей жатыр” десе қандай қарекетке көшемiз? Өздерiңiз де бiлесiздер, елiмiздегi мұнай өңдеу зауыттарының жұмысы барынша құпия сақталады. Баспасөзде ашық ақпарат кездестiре алмайсың. Iшкi нарықты дайын өнiммен қамтамасыз етуден гөрi табысы мол экспортты құптайтын бiздiң билiк келер жылы да әдеттегiдей сыртқа телмiретiнiмiздi осы күннен-ақ сездiре бастады. 

Жыл аяғына дейiн Қашағаннан 1 млн тонна “қара алтын” алатынымызды айтып, айдай әлемге жар салғандай едiк. ОПЕК-ке кiрмейтiн ел ретiнде жылына 1 млн тонна өнiмдi шектейтiн болсақ, биыл осы Қашаған мұнайы есебiнен “құрбандық” шалатын сияқтымыз. 

Қазiр әлемдiк мұнай бағасы 57 доллар шамасында тұр. Осылай болса сарапшылар жаман өмiр сүрмейтiнiмiздi айтып жатыр. Десек те, көтерiлген “қара алтын” пұлынан бiзге, қарапайым халыққа келiп-кетер пайда шамалы. Себебi, қараша-желтоқсан айларында iшкi нарықта бензин бағасы бiрден 5 теңгеге көтерiлдi. Дизельдi отынға қыс айында сұраныс сәл-пәл азайғанымен оның бағасы әлi сол күйiнде 128-130 теңге шамасында тұр. Ал дизельдi отынның қысқы түрiнiң бағасынан адам шошиды. 175 теңге. Жанар-жағармай бағасымен бiрге азық-түлiк, коммуналды-шаруашылық тарифтерi, қызмет көрсету құны да көтерiлдi. Өткенде министр Қанат Бозымбаев: “Бензиннiң әдiл бағасы 140 теңге” дегенi сол едi, iле-шала жанар-жағармай саудасымен айналысатын компаниялар АИ-92 бензинiн бiрден осы көрсеткiшке теңестiрдi. Бiздiң болжамымызша, бензин бағасы 2017 жылы 145-150 теңгеге жетедi. Ал бензин бағасы көтерiлдi дегенiңiз өмiр сүру шығыны артады дегендi бiлдiредi. Өйткенi күн өткен сайын қалың бұқараның қалтасын қымбатшылық қағуда. Үкiмет болса, айылын жияр емес. “Зейнетақы мен жәрдемақыны 20 пайызға өсiремiз” деп алдаусыратады. Сол 20 пайызбен-ақ, дүние бiткендi “бауыздап” отырғанымен шаруасы жоқ. 

Г.НҰРМОЛДАҚЫЗЫ

"Жас Алаш" газеті