Алматыда қар барысының популяциясын зерттейтін ғылыми экспедиция құрылады. Бұл туралы Алматы зообағының бұрынғы директоры, мәслихат депутаты Ержан Еркінбаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.
Оның айтуынша, бұл зерттеу жұмыстарын Зоология институты қолға алмақ.
Жақында Snow leopard foundation қар барысын қорғау қоры ЮНЕСКО-ның «Адам мен биосфера» комитетінің төрағасы Зоология институтының директоры Ященко Романмен келіссөз жүргізген.
«Біз жақында ғылыми экспедиция құрғалы жатырмыз. Бұл экспедиция бірнеше ай ішінде Іле Алатауындағы қар барысын зерттеп, мониторинг жүргізетін болады. Соның нәтижесінде біз қар барыстарының санын, популяция тығыздығын, физиологиялық мағлұматтарын, ДНҚ мәліметтерін, миграция жолдарын, өміріне қауіп төндіретін қатерлі факторларды анықтайтын боламыз. Экспедиция құрамына 10 мүдделі адам кіреді. Зерттеу ұйымы мүшелері видео, фото, GPS құралармен қамтылатын болады», - деді мәслихат депутаты.
Ержан Еркінбаев экспедиция арасында арнайы ғылыми конференция өткізілетінін айтты.
Сонымен қатар, жақында аталған қор түз тағысына арналған жойылудың аз-ақ алдында тұрған қар барысына арналған зообақ ашпақ.