13 қар, 2019 сағат 11:15

Қапшағай қаласының әкіміне қатаң сөгіс жарияланды

Бюджет қаражатын игермегені үшін Қапшағай қаласының әкіміне қатаң сөгіс жарияланды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

Облыстық экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасының басшысы Ж. Әмірхановтың айтуынша, жалпы өңірде экономиканың барлық бағыттары бойынша өсім байқалады. Өнеркәсіп өсімі қарқын алып, 104,5 % құрады.

Ауыл шаруашылығы өнімінің жалпы көлемі 718 млрд. теңгеден асып, өсім 2,6 %-ке жетті. Сол сияқты бөлшек саудадағы тауар айналымының көлемі де 3,8 % өсті. Дегенмен құрылыс секторының қарқынында баяулау байқалады, яғни 214,4 млрд. теңге - 100,6 %. Инвестиция бойынша да аздаған өсім бар – 100,5 %, 444,2 млрд. теңге тартылған.

Бұл ретте Амандық Баталов игерілмей жатқан қаржының едәуір бөлігі осы құрылыс саласында екенін айтты. Мәселен, Қапшағай қаласының өзінде ғана қазіргі кезде 741 млн. теңге игерілмеген, оның 517 млн. теңгесі республикалық бюджеттен бөлінген. Осы соманың басым бөлігі көп қабатты үйлердің құрылысына қарастырылған. Мердігер компаниялар тарапынан құрылыс жұмыстары жүргізіліп жатыр, десе де іске қосу мерзімі жоспарланғаннан кешіктірілуі әбден мүмкін.

«Мемлекет халықты баспанамен қамтамасыз ету үшін тиісті қаржы бөлді. Ал сендер оны мерзімінде орындамай, қаражаттың игерілмеуіне жол беріп отырсыңдар. Мен мұны Қапшағай қаласы әкімінің, облыстық құрылыс басқармасы басшысының және құрылыс саласына жетекшілік ететін менің бірінші орынбасарымның тікелей кінәсі деп есептеймін. Осы аталған барлығыңа қатаң сөгіс жариялаймын. Тұрғын үй салуға жауапты мердігер ұйымдарды да құрылыс жұмыстарын кешіктіргені үшін жазалау керек. Жыл соңына дейін жағдайды түзейтін болыңдар, құрылыс жұмыстары қатаң бақылансын», - деді А. Баталов

Алматы облысының әкімі Амандық Баталов бюджет қаражатының игерілуі бойынша барлық қажетті шараларды қабылдауды тапсырды. Облыс басшысы өткен 10 айдың қорытындысы бойынша мақсатты индикаторларға қол жеткізу жөніндегі мәселелер талқыланған жиында бюджеттің игерілмеуіне жергілікті атқарушы органдар басшыларының дербес жауап беретінін ескертті.