Бас прокурордың орынбасары Әсет Шындалиев қаңтар оқиғасы кезінде азаптауға қатысты жауапкершілікке тартылып жатқан құқық қорғау органдары қызметкерлері жайында айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қазіргі кезде азаптау бойынша 11 іс тергеу барысында. Тағы бес істі тергеу аяқталды. Осы орайда, 23 адамға жаза тағайындалды. Сонымен қатар, тағы бір іс сотта қаралып жатыр. Жалпы, 29 адам азаптауға қатысты қылмыстық жауапкершілікке тартылады», - деді Шындалиев Парламент Мәжілісіндегі баспасөз мәслихатында.
Сондай-ақ, ол аталған 29 адамның 17-сі полиция, қалған 12-сі Ұлттық қауіпсіздік комитеті қызметері екенін нақтылады.
Әсет Шындалиевтің айтуынша, рақымшылыққа шамамен 1,5 мың адам ілігеді. Олардың басым бөлігі – жаппай тәртіпсіздікке қатысқандар, ұрлық және басқа қылмыс жасағандар.
Бұдан бұрын хабарланғандай, Мәжілістің жалпы отырысында палата депутаттары «Рақымшылық жасау туралы» заң жобасын мақұлдады.