14 нау, 2022 сағат 15:08

Қаңтарда тәртіпсіздіктің орын алуына мүдделі топтардың болғанына көзіміз жетті – Абзал Құспан


Қаңтар оқиғасы кезінде тәртіпсіздіктің болуына мүдделі топтардың болғаны және олардың осы мақсатта жұмыс істегеніне көзіміз жетті. Бұл туралы белгілі адвокат Абзал Құспан айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат. 

«Соңғы бірнеше апта көлемінде, комиссия («Аманат» комиссиясы) өңірлерге шықпай-ақ, өз жұмысын орталық мемлекеттік және құқық қорғау органдары арқылы, жүйелі түрде атқаруға көшкеніне назарларыңызды аударамын. Осы атқарылған жұмыстар, республика көлемінде сол «қаңтар оқиғалары» бойынша жалпы картинаны білуге және оған қатысты құқық қорғау органдары тарапынан атқарылған жұмыстар мен олардың қызметіндегі бірқатар кемшіліктер мен жетістіктері туралы алдын ала қорытынды жасауға мүмкіндік береді. Біріншіден, қоғамды мазалайтын ең маңызды сұрақтардың бірі – «Қаңтар оқиғасы» сияқты қанды қырғын қалай болды? Терроризм болды ма? Оны ұйымдастырушылар болды ма?» деген мағынада, сол себепті осы мәселелер бойынша қысқаша тоқталып кетейін», - деді Құспан Мәжілістің жалпы отырысында. 

Оның айтуынша, барлық өңірде сол жаппай тәртіпсіздкке қатысушылармен болған кездесу нәтижесінде бәріне бірдей ортақ, мынадай белгілері бары анықталды: 

- Жаппай тәртіпсіздіктің бір кезең, бір уақыт аралығында басталуы; 

- Арандатушы топтың болуы, олардың ортақ, бір талаптарының болуы, мысалы, барлық жерде де бейбіт митингіге шыққан көпшілікті облыс, қала әкімшілігін басып алуға үгіттеушілердің болғаны; 

- Жекелеген жағдайда, құқық қорғау органдарының уақытылы қимылдамауы, кейде мүлдем әрекетсіздік танытуы; 

- Оңтүстік өңірлерде, бейбіт митингіге қатысушылар бұрын өздері көрмеген, танымайтын әскери тәртіпті, белгісіз адамдардың болғаны т.б. 

«Бұл жағдайлар, әу баста бейбіт басталған митингілерді жаппай тәртіпсіздікке ұластыруға мүдделі топтардың болғаны және олардың орталықтандырылған түрде, мақсатты жұмыс істегеніне біздің көзімізді жеткізе түсті», - деді Абзал Құспан.