Қаңтар оқиғаларына қатысқан 194 адам бас бостандығынан айыруды көздемейтін жазаға тартылды. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Оның айтуынша, қаңтар оқиғаларына қатысты соттар қараған қылмыстық істерде 214 айыпталушының 194-і бас бостандығынан айыруды көздемейтін жазалау іс-шараларына сотталған.
«Бостандыққа жіберілген адамдардың көпшілігі Алматы қаласының еншісінде – 145, Алматы облысында – 38, Түркістан облысында – 4-еу, Көліктегі полиция департаментінде – 5-еу, Жамбыл мен Ақмола облыстарында 1 адамнан. Одан басқа Алматы қаласында тағы 6 адамға қатысты қылмыстық істер тараптардың татуласуына байланысты қысқартылды», - деді Санжар Әділов Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Мысалы, оның дерегінше, Алматы қаласында болған жаппай тәртіпсіздіктер барысында үш адам «Корған» дүкенінен арнайы киім мен аңшылық пышақтарын ұрлаған. Кейіннен күдіктілер ұсталынып, күзетпен ұстауға алынды. Тергеу аяқталғаннан кейін қылмыстық іс Алматы қаласы Алмалы ауданының сотына жолданды.
«Кінә мойындалғандықтан және келтірілген залалдың орны толтырылғандықтан сот көрсетілген адамдарды 2 жылға бас бостандығынан айыруға соттады және сот залында оларды күзетпен ұстаудан босатты», - деді ол.