Қаңтарда Қазақстанның ұлттық қор активтері 1 млрд долларға кеміді. Бұл туралы бүгін Үкімет отырысында ҚР Ұлттық банк төрағасы Ерболат Досаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Ұлттық қордың активтері осы жылдың басынан бастап 1 млрд АҚШ долларына төмендеп, қаңтардың соңында 57,7 млрд АҚШ долларын құрады. Оның себептері: ұлттық қорға түсімдер 43 млрд теңге, оның ішінде валюталық түсімдер 56,2 млн АҚШ доллары немесе теңге баламасында 24 млрд болды; жыл басынан бастап 381 млрд теңгеге нысаналы және кепілдендірілген трансферттер бөлуді қамтамасыз ету үшін 720 млн доллар сатылды; инвесторлардың тәуекелге бару деңгейінің төмендеуіне байланысты биылғы жылғы қаңтарда MSCI World акциялар индексінің төмендеуі -1 пайыз болды», - деді ҰБ төрағасы.
Оның айтуынша, ұлттық қордың аталған кезеңдегі инвестициялық кірісі (-)340 млн АҚШ долларын немесе -0,59 пайызды құрады болды.
«Қаңтарда қор нарықтарындағы құбылмалылық экономиканың біркелкі қалпына келмеуіне, сондай-ақ кәсіби емес инвесторлардың сауда платформаларындағы белсенділігі аясында шығыны көп компаниялар акцияларының шарықтауына байланысты күшейе түсті. Бұл ретте ақпанның басында акциялар нарығының қалпына келуі байқалды. Биылғы жылғы ақпанның алғашқы 2 аптасында Ұлттық қордың инвестициялық кірісі биылғы жылғы қаңтардағы құлдырауды өтеп, 800 млн АҚШ долларын құрады», - деді Ерболат Досаев.