Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова қаңтар оқиғасына байланысты тергеу кезінде күйік жарақатын алғандардың ісі туралы пікір білдірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Алматы облысы мен қаласында бірнеше азаматтың, оның ішінде кәмелетке толмаған балалардың денесіне күйік жарақаты түскені туралы мәліметтер резонанс туғызды. Оның бәрі қазір ешқайда кетпеу туралы қолхат немесе туыстарының кепілгерлігі арқылы қамаудан босатылды. Бұл фактілер бойынша тергеу басталды. Ол жайттардың құқықтық бағасы сот-медициналық сараптамалар мен медициналық қорытындыларға байланысты болады. Сондай-ақ, куәгерлер мен зардап шегушілердің берген жауабына да байланысты», - деді Эльвира Әзімова.
Оның айтуынша, ұсталғандардың денсаулық жағдайына байланысты қамау шараларын балама шаралармен ауыстыру туралы өтініштерідің көбі қанағаттандырылған.
«Емделуді қажет ететін басқа ұсталғандарға мекеменің ішінде медициналық қызмет көрсетіліп жатыр. Азаматтық медицина өкілдерінен құралған тұрақты комиссиялар аталған мекемелерге ұдайы барып жүр», - деді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.