© AP Photo / Vladimir Tretyakov / NUR.KZ
Қазақстан қаңтар оқиғасының салдарын жоюға 37 миллиард теңге бағыттайды. Бұл туралы Мәжілісте 2022 жылға арналған республикалық бюджетті нақтылау туралы заң жобасын таныстырған қаржы вице-министрі Татьяна Савельева мәлімдеді, деп хабарлайды Sputnik Қазақстан.
Айтуынша, биыл Президент тапсырмаларын іске асыруға қосымша 1,8 триллион теңге бөлінеді.
"Қаңтар оқиғасының салдарын жоюға 37 миллиард теңге жұмсалады. Оның ішінде Алматы қаласында және басқа өңірлерде зардап шеккен шағын және орта бизнес субъектілеріне қолдау көрсетуге 21 миллиард теңге бөлінеді", - деді Савельева.
Жалпы ұлттық экономика министрлігінің мәліметінше, ШОБ-ты қолдауға қажеттілік 45 миллиард теңгені құраған. Бұған дейін Үкімет резервінен 24 миллиард теңге бөлініп қойды.
Ал жаппай тәртіпсіздіктер кезінде бүлінген әкімшілік, әлеуметтік және коммуналдық нысандарды, инфрақұрылымды қалпына келтіруге 10 миллиард теңге бөлінеді. Жалпы қажеттілік – 22 миллиард теңге, Үкімет резервінен 12 миллиард теңге қарастырылды, - деді вице-министр.
Сондай-ақ Алматы қаласындағы Президент резиденциясы ғимаратын демонтаждауға 6 миллиард теңге қарастырылып отыр.