11 ақп, 2022 сағат 14:51

Қаңтар оқиғасында ұсталған азаматтардың арасында жазықсыздар әлі де бар - «Аманат» комиссиясы


Қаңтар оқиғасында ұсталған азаматтардың арасында жазықсыздар әлі де бар. Бұл туралы «Аманат» комиссиясының мүшесі Уаис Ерсайынұлы мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қаңтар оқиғасына қаншама бауырымыз зардап шекті. Олардың арасында жазықсыздары, кінәсіздері бар. Сондықтан осы жайтқа бей-жай қарамай, нақақтан-нақақ қамауға түскен бауырларымызды босату үшін көмегімізді тигізейік деп шешім қабылдадық», - деді Уаис Ерсайынұлы БАҚ өкілдеріне арналған брифинг барысында. 

Оның атап өтуінше, қазіргі уақытта тергеу изоляторларында кінәсіз адамдар отыруы мүмкін. Сондықтан комиссия жұмысын жаңа деңгейде жалғастыру қажет. 

«Талдықорған қаласында ата-анасының қамқорлығынсыз қалған Арыстанбек деген бауырымыздың бостандыққа шығуына көмек көрсеттік. Ет-жақын туысынан 75 жастағы атасы ғана бар екен. Мұндай мысалдар өте көп. 18 жасқа толғанына 2 күн болған кезде алаңға шыққан ініміздің ащы айқайы, мұң-зары әлі күнге дейін көз алдымызда, жүрегімізден кетер емес. Біз өз тарапымыздан ұсыныстарымызды беріп, сол інімізді тар қапастан шығару үшін жұмыс істеп жатырмыз», - деді комиссия мүшесі.