Алматыда қаңтар айындағы оқиғалардан кейін сауда және қызмет көрсету саласы қайта қалпына келді. Бірінші тоқсанның қорытындысы бойынша бөлшек сауда көлемі - 737,8 млрд теңге, көтерме сауда айналымы - 2,4 трлн теңгеге жетті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы Алматы қалалық кәсіпкерлік және инвестициялар басқармасының басшысы Еркебұлан Оразалин брифингте айтты.
«І тоқсанның қорытындысы бойынша Алматының экономикалық өсу қарқыны мен іскерлік белсенділігі қалпына келе бастады. Мәселен, осы жылдың 3 айында қала 19,18% өсуге қолжеткізе отырып, 248 млрд теңгеден астам инвестиция тартылды. Өнеркәсіп өнімін өндіру көлемі оң серпін көрсетіп отыр. І тоқсанда Алматыда 387,8 млрд теңгенің өнімі өндіріліп, 15 пайызға артқан. Өңдеу өнеркәсібі 18%-ға артқанын ерекше атап өту керек. Бұл ең алдымен машина жасаудың белсенді дамуына, яғни 1,7 есе өсуіне байланысты», – деді спикер.
Сонымен қатар, ол қаңтардағы оқиғалардан кейін қаладағы сауда және қызмет көрсету саласы да қайта қалпына келе бастағанын атап өтті.
І тоқсанның қорытындысы бойынша бөлшек сауда көлемі 737,8 млрд теңге болса, көтерме сауда айналымы 2,4 трлн теңгеге жетті.
«Өңірлік комиссия бизнеске келтірілген залалды өтеуге кіріскен болатын, бүгінгі таңда комиссия жалпы сомасы 11 млрд теңгеден астам 1499 өтінімді мақұлдады. Зардап шеккен кәсіпкерлердің 95 пайызы өтемақысын алды, қазір олар жұмыстарын істеп жатыр», – деді Еркебұлан Оразалин.
Қазір комиссияның қарауында сараптама жүргізуді, ЖСҚ әзірлеуді және растайтын құжаттарды қалпына келтіруді талап ететін ең күрделі жағдайлар қалды.
«Бизнеске келген залалды өтеу жұмыстарын биылғы жылдың мамыр айында аяқтауды жоспарлап отырмыз», - деді ол.