Азаптауларға қатысты заңсыз әрекет жасаған полицейлер жауапқа тартылады. Бұл туралы Мәжіліс төрағасы Ерлан Қошанов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Мәжілістің жалпы отырысынан кейін тілшілер палата төрағасына «қаңтар оқиғасынан кейін полиция тарапынан болған азаптауларға қатысты бұрынғы Ішкі істер министрін жауапкершілікке тарту керек деп санайсыз ба» деген сұрақ қойды.
«Егер адам қылмыстық іске тартылып жатса, азаптауға қатысты күмән болса, оны бұрынғы министр Тұрғымбаев өзі барып азаптаған жоқ қой. Біріншіден, ондай бұйрықты берген жоқ. Заңсыз іс-әрекет жасаған полицейлер болса, олар жауапқа тартылады. Сотта дәлелденсе, олардың барлығы тиісті жазасын алады», - деді Қошанов.
Сонымен қатар Мәжіліс төрағасынан қаңтар оқиғасына қатысты парламенттік тыңдау не себепті өткізілмегені сұралды.
«Қазіргі кезде тергеу амалдары жүріп жатыр. Тергеу аяқталмай жатып біз қандай парламенттік тыңдау өткізе аламыз?», - деді Ерлан Қошанов.