19 сәу, 2022 сағат 14:48

Қаңтар оқиғасынан кейін ең көп қару қай өңірден табылды?

Фото:polisia.kz

Қаңтардағы тәртіпсіздік кезінде ұрланған қарулар әлі де табылып жатыр. Бас прокуратура қай өңірден ең көп қару тәркіленгенін айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Құқық қорғау органдары жалпы республика бойынша қаңтар оқиғасы кезінде ұрланған 750-ден астам винтовкалы және тегіс ұңғылы қаруды анықтады. Ең көп Жамбыл облысында - 281 дана, Алматыда - 249 және Алматы облысында - 201 дана тәркіленді", - деді Орталық комитеттің брифингінде Елдос Қилымжанов.

Оның айтуынша, Алматы қаласында жедел-іздестіру шаралары барысында деструктивті діни ағымның өкілі С. ұсталып, одан "Gunsmith" аңшылық дүкенінен ұрланған қару тәркіленген.

"Таразда Д. ұсталып, одан Жамбыл облысының полиция басқармасынан ұрланған төрт Макаров тапаншасы мен оларға арналған 131 патрон тәркіленді.

Алматы облысы Талғар ауданы Бәйтерек ауылының шетінде қаңырап бос тұрған ғимараттан қару-жарақ сақтаған қазақстандық ұйымдасқан қылмыстық топтың атыс қаруының қоймасы анықталды. Көрсетілген қоймадан 28 қару табылды, оның ішінде екі Калашников автоматы, үш Макаров тапаншасы, төрт шетелдік тапанша, бес қос ұңғылы және 10 бір ауызды мылтық, екі кесілген шолақ мылтық, әртүрлі калибрлі патрондар, оқтау гранатасы бар", - деп түсіндірді Қилымжанов.