Сот санкциясымен қаңтар оқиғасына қатысы бар 514 күдікті қамауда отыр. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығы Cерік Шалабаев айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарын қорғау - бұл прокуратура органының жұмысындағы сөзсіз басымдықтардың бірі. Күдіктілерге қандай да бір қысым келтірілмеу үшін прокурорлар күн сайын тергеу изоляторлары мен басқа да қызметтік үй-жайларды тексереді. Қазіргі уақытта соттың санкциясымен қаңтар оқиғасына қатысы бар 514 күдікті қамауда», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, қамауға алынған әрбір адам бойынша олардың ауыр қылмыстарға қатыстылығы және белсенді қатысуы туралы жеткілікті мәліметтер бар. Олардың барлығына қорғалу құқығы, санитарлық нормалар, тамақтану, дәрі-дәрмектер және ұстаудың тиісті жағдайлары қамтамасыз етілуде.
«Жеке басын, денсаулық жағдайын және басқа да сипаттайтын мән-жайларды ескере отырып, 284 адамның қамауда ұстау бұлтартпау шарасы, ешқайда кетпеу туралы қолхатқа, кепілге, үйқамаққа алуға және жеке кепілгерлікке ауыстырылды. Бүгінгі күні сотқа 392 қылмыстық іс жолданды. Нәтижелері бойынша 433 адам әртүрлі мерзімге сотталды», - деді Серік Шалабаев.
Қызмет бастығының дерегінше, бас бостандығынан айыруға байланысты емес жазаларға 34 адам сотталды. Қаруды ұрлаумен және сақтаумен байланысты ауыр қылмыс жасаған, залалды өтемеген және өтелмеген соттылығы бар 46 сотталушыға бас бостандығынан айырудың нақты мерзімі тағайындалды.