14 нау, 2022 сағат 22:15

Қаңтар оқиғасына қатысты тергеу қалай жүріп жатыр?


Қаңтарда елде болған жаппай тәртіпсіздіктерге қатысты Бас прокуратураға 1728 файл келіп түсті. Бұл туралы ҚР Бас прокуратурасы арнайы прокурорлар қызметінің басшысы Ризабек Ожаров мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Қаңтар оқиғасына дейін тәуелсіз Қазақстан тарихында бұндай ауқымды оқиға болған емес. Мыңдаған адамнан қаңтар оқиғасына куә немесе қатысушы ретінде жауап алынды. Қылмыстық процесуалдық кодексте көрсетілген мерзімге сәйкес біз 2 айдың ішінде істің ақ-қарасын анықтап үлгере алмаймыз. Айта кетейік, ұрлық-қарлық секілді қылмыстың өзі айлап тергеледі. Ал бұл жерде адам өлімі бар. Қылмыстық процесте басты маңызды нәрсе – ақиқат», - деді Ризабек Ожаров «Qazaqstan» ұлттық телеарнасының «Ashyq alań» қоғамдық-саяси ток-шоуының эфирінде. 

Оның айтуынша, кез келген қылмыстық істі ашық әрі объективті тұрғыда тергеу керек. 

«Сондай-ақ, біз қатысушыларды тергеп қана қоймай, олардың құқығын қорғауымыз керек. Сондықтан қаңтар оқиғасына қатысты тергеу біраз жүреді. Қоғам оған дайын болуы керек. 2 айдың ішінде «бізде мынадай дәлел бар, оқиға осылай болды, мынау - қатысушылар, ал мыналар - ұйымдастырушылар» деп қазір айта алмаймыз. Тергеу процесіне қатысты ешқандай кедергі жоқ. Жұмысты жеделдету үшін stopterrorism сайты жұмыс істеп тұр. Бүгінге дейін азаматтардан 1728 файл келіп түсті. Видео-фотолар әлі де келіп жатыр. Осы тұста айтып өтетін тағы бір жайт - жаппай тәртіпсіздік кезінде бұзақылар 824 бейнебақылау камерасын қиратқан», - дейді ол.