14 нау, 2022 сағат 13:40

Қаңтар оқиғасына қатысты әрбір шешім прокуратурамен келісіледі – Олжас Бектенов


Әрбір процестік шешім заңмен талап етілетін болғандықтан, прокуратурамен келісіледі. Бұл туралы Мәжілістің жалпы отырысында қаңтар оқиғасына қатысты мәселелерді қарау кезінде Сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл агенттігінің төрағасы Олжас Бектенов мәлім етті, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Көптеген арызданушылар маска таққан және каска киген полиция қызметкерлерін атап көрсетеді, яғни олардың тіпті жүздерін де көрмеген, аттарын да білмейді. Қазір тергеу арызданушылар мен куәгерлер берген ірілі-ұсақты айғақтар және бейнебақылау камераларынан сақталған жазбалар арқылы қаңтар оқиғасын егжей-тегжейлі зерделеуде. Бұл жұмыс көптеген бейнебақылау камераларының жұмыс істемеуімен не тәртіпсіздіктер кезінде кейбіреулерінің бұзылып қалуымен қиындық тудырып отыр. Өтініш берушілердің көбіне тәртіпсіздіктерге белсенді қатысушы деген күдік тағылуда. Жарақаттар көшедегі тәртіпсіздіктер кезінде алынуы мүмкін деген нұсқа жоққа шығарылмайды. Сондықтан тергеу әрекеттері арызданушылардың дене жарақаттарын алу кезеңін анықтауға бағытталған. Барлық қылмыстық істер бойынша қажетті сот сараптамалары тағайындалды», - деді О. Бектенов. 

Оның айтуынша, қазіргі уақытта 46 арызданушыдан жеңіл дене жарақаты, алтауынан орташа дене жарақаты анықталғаны белгілі болды. Бұл ретте, 25 адамнан дене жарақаты анықталмаған. 

«Егер тергеу барысында оларға физикалық және психикалық ықпалдар корсетілгені заңды әрекеттер нәтижесінде анықталса, сотқа дейінгі тергеп-тексеру ҚК-нің 146-бабына сәйкес тоқтатылатын болады. Біздің істер бойынша қазіргі уақытта полиция қызметкерлері күдікті ретінде танылмаған. Әрбір процестік шешім заңмен талап етілетін болғандықтан, прокуратурамен келісіледі. Тергеу жалғасуда және бақылауда», - деді агенттік басшысы.