19 сәу, 2022 сағат 13:10

Қаңтар оқиғасына қатысты 627 күдікті қамауда отыр - прокуратура


Қаңтар оқиғасына қатысты сот санкцияларымен 627 күдікті адам қамауда отыр. Бұл туралы Орталық коммуникациялар қызметінде ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

«Бас прокуратура қаңтар оқиғаларына байланысты қылмыстық істердің тергелу барысы туралы хабарлайды. Бұлтартпау шараларды жеңілдету бойынша тоқталсақ, бүгінгі күні тергеу органдарының іс жүргізуінде аталған санатта 4 849 іс бар. Сот санкцияларымен 627 күдікті адам қамауда. Біз бұған дейін қолданылған бұлтартпау шараларын жеңілдету бойынша жұмыстарды жүргізіп жатырмыз», - деді Қилымжанов. 

Оның айтуынша, жеке басын, денсаулық жағдайын және басқа да сипаттайтын жағдайларды ескере отырып, 280 адамға күзетпен ұстау бұлтартпау шарасы ешқайда кетпеу туралы қолхатқа, кепілге, үйқамаққа және жеке кепілгерлікке ауыстырылды. 

«Прокурорлар ұсталғандар және жауаптылыққа тартылып жатқан адамдардың туыстарымен кездесулер өткізуде. Олардың уәждері мен дәлелдері жан-жақты тексеріліп, осы негізде бұлтартпау шараларды өзгерту жөнінде шешімдер қабылданып жатыр», - деді Бас прокуратура өкілі.