Ішкі істер органдары қаңтар оқиғаларына қатысқандарды қатаң жауапкершілікке тартуды мақсат етіп отырған жоқ. Бұл туралы ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Біздің тергеушілер өндірістегі қылмыстық істер бойынша қылмыстық жауапкершілікке тартылатын әр адамның жеке басын зерделейді және оларды жаппай тәртіпсіздік барысында қылмыс жасауға итермелеген мән-жайларды анықтайды. Бұл ретте, барлығын барынша қатаң жауапкершілікке тартуға бағытталған мақсат қойылған жоқ», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында.
Оның атап өтуінше, ішкі істер органдары тергеушілері «қаңтар оқиғалары» бойынша негізінен жаппай тәртіпсіздік барысында жасалған ұрлықпен және жымқырудың басқа да түрлерімен байланысты қылмыстық істерді тергейді.
«Жаппай тәртіпсіздіктің ұйымдастырушылары мен қатысушыларына, сондай-ақ террористік шабуылдарға қатысты тергеуді арнаулы прокурорлар жүргізеді», - деді Санжар Әділов.