Қаңтар оқиғасына байланысты жалған ақпарат тарату фактісі бойынша 11 қылмыстық іс тергеліп жатыр. ҚР Бас прокуратурасы 1-қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде осындай дерек келтірді, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Бүгінгі күні барлық қылмыстық істер бойынша 733 адам қамауда отыр. Санитарлық норма, тамақтану, дәрі-дәрмекпен қамтамасыз ету және басқаларды қоса алғанда оларға тиісті жағдай жасалған. Қылмыстық процесте азаматтардың конституциялық құқықтарын сақтау – прокуратура органдары қызметіндегі басым бағыттардың бірі. Күдіктілерге қандай да бір қысым қолдану фактілеріне жол бермес үшін прокурорлар күнделікті тергеу изоляторы мен басқа да қызметтік ғимараттарды тексеріп жүр», - деген Бас прокуратура өкілі әлеуметтік желіде жалған ақпарат таратқаны үшін қылмыстық жауапкершілік бар екенін ескертті.
«Қазіргі уақытта осындай фактілер бойынша 11 қылмыстық іс тергелуде», - деді Елдос Қилымжанов.