03 мам, 2022 сағат 16:25

Қаңтар оқиғасы кезінде бір қатысушы террористік акт жасады – Бас прокуратура


ҚР Бас прокуратурасы Қызылорда облысында аса ауыр қылмыс жасаған қаңтар оқиғасының бір қатысушысына қатысты тергеуді аяқтады, деп хабарлайды ҚазАқпарат.

Бұл туралы ведомствоның 1 қызмет бастығының орынбасары Елдос Қилымжанов мәлім етті. 

«Қызылорда облысында аса ауыр қылмыс жасаған қаңтар оқиғаларының бір қатысушысына қатысты тергеуді аяқтадық. 5 қаңтарда Қызылорда қаласындағы жаппай тәртіпсіздіктер кезінде ол және оның сыбайластары Ұлттық ұланның «Камаз» жүргізушісін қатыгездікпен ұрып-соққан. Содан кейін күдікті әскери техниканы айдап кетіп, қозғалтқыш педальына кірпіш қойып, машинаны әскерилердің қоршауына бағыттап, қылмыскердің өзі «Камаз» кабинасынан секіріп кеткен, - деді Елдос Қилымжанов ОКҚ өткен баспасөз мәслихатында.

Оның айтуынша, басқарусыз қалған «Камаз» үлкен жылдамдықпен келіп әскерилерді қағып, салдарынан адам қаза тапқан. 

«Автомашина үлкен жылдамдықпен әскерилерді басып, нәтижесінде солдат М. Қайсаров қаза тапты. Күдіктінің әрекеті терроризм актісін жасау бойынша сараланды. М. Қайсаров отбасындағы жалғыз бала болған, осы жылы ол 20 жасқа толар еді», - деді Бас прокуратура өкілі.