Қаңтар оқиғасы бойынша қылмыстық жауап тартылған 275 адамның 244-іне бас бостандығын айыруды көздемейтін жаза тағайындалды, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
Бұл туралы ҚР Ішкі істер министрлігінің Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов Орталық коммуникациялар қызметінде өткен брифингіде айтты.
«Соттар қаралған қылмыстық істер бойынша айыпталатын адамдардың көпшілігін бас бостандығын айыруды көздемейтін жазаларға соттады. Ал бұл 275 адамның ішінен 244 деген сөз. Тағы 6 адамға қатысты қылмыстық істер тараптардың татуласуына байланысты тоқтатылды. Мысалы, Алматы облысының тұрғындары жаппай тәртіпсіздік барысында Талдықорған қаласы Полиция басқармасының заттар қоймасына кіріп кетіп, сомасы 195 мыңнан артық теңгеге мүлікті жымқырған», - деді Тергеу департаментінің бастығы.
Айтуынша, Талдықорған қалалық сотының үкімімен сотталушылардың жеке басы мен келтірілген залалдың орнын толтырғаны ескеріліп, олардың бас бостандығы 3 жыл, 6 ай мерзімге ғана шектелген.
«Тағы бір мысал, Алматы облысының үш тұрғыны жаппай тәртіпсіздік барысында Алматы қаласындағы Төле би көшесіндегі «Сити молл» сауда үйінен жалпы сомасы 470 мың киім-кешек пен спорттық велосипедті ұрлаған.
Алмалы ауданының соты олардың жеке басы мен келтірілген залалдың орны толтырылғанын ескере отырып, оларды екі жылға бас бостандығын шектеуге соттады», - деді Санжар Әділов.