Қазақстандағы адам құқықтары жөніндегі уәкіл Эльвира Әзімова қаңтар оқиғасына байланысты қамауда отырған тараздық кәмелетке толмаған күдіктінің неге босатылмай жатқанын айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Өкінішке қарай, Алматы қаласы мен облысында, Жамбыл облысында ұсталғандардың арасында 16-17 жастағы кәмелетке толмаған азаматтар да болды. Оларға тағылып отырған айыптар айтарлықтай ауыр. Жаппай тәртіпсіздікке, ғимараттарды басып алу және қару тонауға қатысу бойынша айыпталып отыр», - деді Адам құқықтары жөніндегі уәкіл.
Оның айтуынша, Қазақстан – Баланың құқықтары туралы конвенцияның мүшесі. Ал ол конвеция бойынша, кәмелетке толмағандар қылмыс жасаған күннің өзінде шетін жағдайларда ғана және қысқа уақытқа қамауға алынуы мүмкін.
«Мұндағы кәмелетке толмағандардың бәрі қылмыстық қудалау орбитасына бірінші рет түсіп тұр. Ата-аналардың кепілгерлігі арқылы балалардың бәрі кейін босатылды. Тек Тараз қаласындағы бір бала ғана босатылған жоқ. Оның үстінен әзірге прокурор тексеру жүргізген жоқ», - деді Эльвира Әзімова.