Қаңтар оқиғаларында оқ тиген 2 бала өліп, 7-еуі жарақат алды. Бұл туралы ҚР ДСМ Медициналық және фармацевтикалық бақылау комитетінің төрағасы Бауыржан Байсеркин айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат.
«Төтенше жағдай кезеңінде медициналық ұйымдарға 2 740 зардап шеккен адам көмек алуға жүгінді. Олардың ішінде 1 843 адам амбулаторлық көмек алып, 897 адам ауруханаға жатқызылды. Оның ішінде 188 адам реанимациялық бөлімшеде болды. Бүгінде 891 пациент жазылып шықты», - деді Бауыржан Байсеркин Орталық коммуникациялар қызметіндегі баспасөз мәслихаты барысында.
Оның атап өтуінше, 177 адам медициналық ұйымдарда өмірден озды.
«Қазіргі уақытта 6 адам, Алматы мен Қызылордада 3 адамнан стационарларда ем алып жатыр. Олардың бірінің жағдайы ауыр, оқ тиген. Ем алуда. Еліміздің үш өңірінде кәмелетке толмаған балалар зардап шекті. Алматыда 2 бала оқ тиіп қаза тапты. 7 бала түрлі оқ жарақатымен аурухана түсті. Олардың 4-еуі – Алматыда, екеуі – Алматы облысында және біреуі – Жамбыл облысында. Сонымен қатар Алматы облысында бір жүкті әйел шашылған газдан зардап шекті», - деді Бауыржан Байсеркин.