16 ақп, 2022 сағат 23:26

Қаңтар оқиғаларынан кейін жалған ақпарат тарату жиілеп кетті - ІІМ


Қаңтар оқиғаларынан кейін жалған ақпарат тарату жиілеп кетті. Бұл туралы ҚР ІІМ Тергеу департаментінің бастығы Санжар Әділов айтты, деп хабарлайды ҚазАқпарат тілшісі.

«Қаңтар оқиғаларынан кейін азаматтардың қоғамдық санасын бақылау үшін ақпараттық соғыс басталды. Әлеуметтік желілер арқылы көрінеу жалған ақпаратты тарату жағдайлары жиіледі. Фейк хабарламалар деп аталып кеткендердің негізгі үлесі шетелден келеді. Бүгінгі таңда әлеуметтік желілерден шетелде тіркелген 50 аккаунт анықталды», - деді ол Орталық коммуникациялар қызметіндегі брифинг барысында. 

Оның дерегінше, ҚР ҚК-нің 274-бабы (көрінеу жалған ақпаратты тарату) бойынша 13 қылмыстық іс тіркелді. Олар бойынша мұқият тергеу жүргізілуде. Екі адам қамауға, тағы екеуі үйқамаққа алынды. 

«Мысалы, жаппай тәртіпсіздіктер кезінде Қостанай қаласында «Telegram» мессенджерінде өз атынан СОБР қызметкерлері ереуілшілер жағына шыққаны туралы жалған ақпарат таратқан азамат ұсталды. Сонымен қатар қызметкер атынан «олар ешкімді ұстамайтыны, барлығын ереуілге шығуға шақыру» туралы екі мәтіндік хабарлама салған. Келесі оқиғада, Ақмола облысының тұрғыны жаппай тәртіпсіздіктерден соң 2022 жылғы 10 қаңтарда елдегі жағдайды ушықтыру мақсатында өзінің «Facebook» парақшасына «полиция қызметкерлерін өлтіруге үгіттейтін» жазба енгізген. Азаматтарды арандатуға көнбеуге және тексерілген ақпарат құралдарына ғана сенуге тағы да шақырамыз», - деді Санжар Әділов.