04 сәу, 2022 сағат 17:58

Қаңтар қасіреті: құқық қорғау қызметкерлері өлімінің мән-жайы айтылды


Бас прокуратураның бірінші қызмет басшысының орынбасары Елдос Қилымжанов құқық қорғау органы қызметкерлері өлімінің мән-жайы туралы айтты, - деп хабарлайды Tengrinews.kz тілшісі.

"Бүгінде Алматы қаласы, Алматы, Жамбыл және Қызылорда облыстарында қоғамдық тәртіпті қорғау бойынша қызметтік борышын өтеу кезінде ерлікпен қаза тапқан қазіргі және болашақ 19 офицердің қазасының мән-жайы анықталды.

Алматы қаласы әкімдігі ғимаратын күзетуге қатысқан қарусыз әскери қызметші подполковник Хаировтың өлімі кезінде ерекше цинизм байқалды. Оның денесі ғимарат төбесінен табылды", - деді Елдос Қилымжанов ОКҚ брифингінде.

Бас прокуратура мәліметінше, тергеу барысында қылмыскерлер айғақтарды жасыру үшін марқұмның денесін өртеп жібергені анықталған. 39 жастағы офицердің артында отбасы мен кәмелетке толмаған екі баласы қалды.

Сонымен қатар, оның айтуынша, қылмыскерлер Алмалы аудандық полиция басқармасы мен "Көк-Төбе" телемұнарасын басып алмақ болған кезде стратегиялық нысандарды қорғаған қызметкерлер Қамбетов, Асылханов және Алмасов оқ жарақатынан қаза тапқан.

"Талдықорғанда он адамнан құралған қылмыстық топ алаңда өз міндетін атқарып жүрген Ұлттық ұланның 5514-әскери бөлімшесінің мерзімді әскери қызметшісі Амановқа шабуыл жасады.

Қатты соққы салдарынан 18 жастағы Аманов көптеген дене жарақатын алған. Ол есін жимастан, жедел жәрдем көлігінде қаза болды", - деді Қилымжанов.

Қилымжанов қаңтардағы қайғылы оқиға кезінде қаза болғандарға қатысты жан-жақты тергеу жүріп жатқанын, бұлтартпас дәлелдер анықталған кезде олардың нәтижелері хабарланатынын айтты.