09 нау, 2023 сағат 13:40

Қанша қазақстандық ақшасын шетелде сақтайды?

сурет ашық дереккөзден алынды

Мемлекеттік кірістер комитеті қазақстандықтар қай елдерде қанша ақша сақтайтынын хабарлады, деп жазады Sputnik Қазақстан.

Комитеттің ақпаратына сүйенсек, жалпыға бірдей декларация тапсыратын 300-ден астам қазақстандықтың шетелдік банктерде депозиті бар.

"2021 жылғы 31 желтоқсандағы жағдай бойынша табыс пен мүлік туралы декларацияларда 354 жеке тұлғаның шетелдік банктерде банк шоттары бар екені көрсетілген. Соның ішінде 138 жеке тұлға – лауазымды тұлғалар. Қаражаттың жалпы сомасы – 529 132 842 427 теңге", - делінген хабарламада.

Ақшаның көп бөлігі мына елдердің банктерінде сақталған: БАӘ – 308 млрд теңге, Сингапур – 158 млрд теңге және Швейцария – 36 млрд теңге.

МКК атап өткендей, 2022 жылы мемлекеттік қызметкерлерден бөлек, ұлттық компаниялар мен холдингтердің, банктердің, қаржы және сақтандыру ұйымдарының басшылары, депутаттар, әкімдер, сондай-ақ мемлекеттік қызметке, мәслихат депутаттығына кандидаттар, аталған тұлғалардың жұбайлары және тағы басқалары алғаш рет табыс және мүлік туралы декларация тапсырған.

Жалпыға бірдей декларациялау

Жалпыға бірдей декларациялауға көшу 2025 жылға дейін төрт кезеңде өтеді.

Қазақстанда жалпыға бірдей декларация тапсыру міндеті 2021 жылы енгізілген болатын. Бастапқыда лаузымды мемлекеттік қызметкерлер, мемлекеттік функцияны орындауға уәкілетті және оларға теңестірілген адамдар өз кірісін жариялауға міндеттелді. Жұбайларына да дәл сондай талап қойылған.

Ал 2023 жылғы қаңтардан бастап оларға тағы бірқатар қызметкер қосылды. Олар:

- мемлекеттік мекемелердің қызметкерлері және олардың жұбайлары;

- квазимемлекеттік сектор субъектілерінің қызметкерлері және олардың жұбайлары.

Үшінші кезең 2024 жылғы 1 қаңтардан басталады. Бұл кезеңде заңды тұлғалардың басшылары мен құрылтайшылары және олардың жұбайлары, жеке кәсіпкерлер және олардың жұбайлары үшін декларациялау енгізіледі.

Ал 2025 жылғы 1 қаңтардан азаматтардың қалған санаттары (барлық қазақстандық) декларация тапсырады.