ҚР Сыртқы істер министрі Twitter желісіндегі парақшасында Америкадағы Yahoo компаниясының аккаунтарын бұзды деп айыпталып отырғандардың бірі Карим Баратовқа қатысты мәлімдеме жасады, - деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" kaz.tengrinews.kz порталына сілтеме жасап.
Ведомство өкілдері Баратовтың Қазақстан азаматы емес екенін мәлімдеді. Себебі, кейбір БАҚ-тар оны Қазақстан азаматы деп жатыр екен. "Ол 2011 жылы республика заңнамасына сәйкес Қазақстан азаматтығынан айырылған", - деді СІМ өкілдері.
Ал Reuters басылымы ресми мәліметтерге сүйене отырып, 15 наурызда, сәрсенбіде АҚШ үкіметінің ресейлік екі тыңшы мен тағы екі хакерге 2014 жылы Yahoo мен Google компаниясы қолданушыларының 500 миллион аккаунтын бұзғаны үшін айыптап отырғанын айтады. Агенттіктің мәліметінше, АҚШ үкіметі бірінші рет осылай ресейлік шенеуніктерді киберкеңістіктегі қылмыстар үшін айыптап жатыр. "Айыпталушылар Ресей мен АҚШ өкілдерінің Yahoo-аккаунттарына шабуыл жасаған. Сондай-ақ, олар киберқауіпсіздік мәселелерімен айналысатын дипломаттар мен әскерилерге, ресейлік журналистерге, басқа ведомствода жұмыс істейтін қызметкерлерге, қаржы және коммерциялық компаниялардың қызметкерлерінің аккаунтарына шабуыл жасаған", - деп келтіреді РИА Новости АҚШ-тың әділет министрінің айтқан сөзін.
"Бұл істе тағы екі фигурант бар - Ресей қауіпсіздік қызметіндегі Дмитрий Докучаев пен Игорь Сущин, сондай-ақ, іздеуде жүрген Алексей Белан мен Қазақстанда дүниеге келген, бірақ Канада азаматы Карим Баратов та бар", - деп жазады The Washington Post. 22 жастағы Карим Баратов Канаданың Торонто қаласында қамауға алынды.
Дмитрий Докучаев, Игорь Сущин, Алексей Белан.
Карим Баратов. © CHCH.com
Айта кетейік, Yahoo компаниясы аккаунттарына шабуылдар жасалғаны жайлы былтыр белгілі болған еді.