12 қыр, 2022 сағат 13:41

Кәмелетке толмағандарды жезөкшелікпен айналысуға тартқан топ құрықталды


Қыркүйек айында өткен кең ауқымды "Stop-трафик" операциясы барысында полицейлер жезөкшелікпен айналысуға арналған 20-дан аса притонды анықтады, - деп хабарлайды Polisia.kz.

Ведомство мәліметінше, біреуі қанау мақсатында адам ұрлау дерегі бойынша, адам саудасы бойынша - үшеу, жезөкшелікпен айналысуға тарту дерегі - төртеу, оның ішінде екі кәмелетке толмағанды жезөкшелікке тарту дерегі де бар, сонымен қатар кәмелетке толмағандарды сатудың бес дерегі тіркелген.

Осылайша, жезөкшелікпен айналысуға және жеңгетайлыққа арналған притондарды ұйымдастырудың немесе ұстаудың 28 дерегі анықталған. Бұдан бөлек, жезөкшелікпен айналысуға және жеңгетайлыққа әдейі үй-жайлар бергені үшін 20 әкімшілік құқықбұзушылық және интимдік қызмет пен қайыр сұрауға байланысты 294 әкімшілік құқықбұзушылық дерегі тіркелген.

Шымкент ПД полиция қызметкерлері құрамында 11 адам бар ұйымдасқан топтың жолын кескен. Олар ұзақ уақыт бойы Шымкент, Тараз және Түркістан қалаларының аумағында жыныстық пайдалану мақсатында адам сатумен, оның ішінде кәмелетке толмағандар саудасымен айналысқан.

Жас қыздарды Қазақстанның түрлі қалаларынан "ВКонтакте" әлеуметтік желісі арқылы жұмысқа қабылдағаны, онда жақсы еңбек жағдайын, жоғары ақы төленетін жұмыс ұсынғандары анықталған. Кейін алдау және сенімге қиянат жасау, құжаттарды алып қою арқылы жезөкшелікпен айналысуға тартылған, сонымен қатар, қаланың жалдамалы пәтерлерінде, сауналарында және қонақүйлерінде одан әрі пайдалану үшін оларды сату және алмасу жүргізілген, алынған табысты өздері иемденіп отырған.

Тыңдамаған жағдайда зорлық-зомбылық көрсеткен, бопсалап, ойдан шығарған айыппұлдар салған, есірткі (мефедрон) қолдануға мәжбүрлеген.

Бұл дерек бойынша ұйымдасқан топ құру және оған басшылық ету, сол сияқты оған қатысу, адам саудасы, кәмелетке толмаған адамды жезөкшелікпен айналысуға тарту, притон құру, жеңгетайлық баптары бойынша соталды тергеп-тексеру жүргізіліп жатыр. Күдіктілер ұсталып, қамауға алынған.

Сондай-ақ, Маңғыстау облысында күш қолдану арқылы 30 жастағы қызды жыныстық қанау мақсатында ұрлап кеткен 43 жастағы ер адам ұсталған. ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы 3-бөлігінің 2-тармағы ("Адамды қанау мақсатында ұрлау") бойынша соталды тергеу басталған.

Ал Абай облысында 32 жастағы әйел ұсталған. Ол үш апта бойы алдау жолымен 17 жастағы баланы жезөкшелікпен айналысуға тартып, табысын өзі алған. Бұл дерек ҚР Қылмыстық кодексінің 134-бабының 1-бөлігі ("Жезөкшелікпен айналысуға тарту") бойынша СДТБТ-де тіркелген, бұл іске қатысты тергеу жүргізілетіні белгілі болды.

Қостанай облысының қызметкерлері жезөкшелікпен және жеңгетайлықпен айналысу үшін салонның жалға алынған үй-жайын ұсынған массаж салонының әкімшісін ұстаған.

Бұл дерекке қатысты Әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодекстің 450-бабы 1-бөлігі ("Көрінеу жезөкшелікпен айналысу немесе жеңгетайлық үшін үй-жай беру") бойынша әкімшілік хаттама толтырылған.