Фото ашық дереккөзден алынды
Алматы облысында кәмелет жасына толмаған қызды алдап, басқа ауылға алып кеткен азаматқа қатысты сот үкімі шықты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" облыстық соттың баспасөз қызметіне сілтеме жасап.
Алматы облысы Жамбыл аудандық соты ҚР Қылмыстық кодексінің 125-бабы 2-бөлігінің 5-тармағы ("көрінеу кәмелетке толмаған адамды ұрлау") бойынша құқықбұзушылық әрекеттерін жасады деп айыпталған А.-ға қатысты қылмыстық істі қарады.
Осы жылдың 6 маусымында сағат 06:00 шамасында масаң күйде болған азамат А. Қарғалы ауылына қарай көлік тоқтатып тұрған кәмелетке толмаған қыз баланы көріп, алдап сөзге тартып, өзімен бірге Ұзынағаш ауылына алып кеткен. Ол жолда бірнеше қонақ үйге тоқтамақ болған, алайда қонақ үй әкімшілері сотталушының масаң күйде болғанын көріп қабылдаудан бас тартқан. Содан ер адам қыз баланы өзімен бірге ертіп, Қарасай ауданында орналасқан үйдің сыртындағы «Монша» атты жазуды көріп, сол үйде ұйықтап алу мүмкіндігі бар деп ойлап, ауласына алып кірген. Сол уақытта аулаға шыққан үйдің иесін көрген қыз бала А.-ның қолынан сытылып шығып, аталған азаматтың өзін алдап ұрлап кеткені туралы айтқан. Үй иесі жағдайды бірден ұялы телефонының видеокамерасына түсіре бастаған. Бұл әрекеттерді көрген А. өзінің қылмыстық әрекеттерін аяқтап, оқиға орнынан бой тасалаған.
Сот баспасөз қызметінің мәліметінше, прокурор ҚР ҚК-нің 125-бабы 2-бөлігінің 5-тармағымен азамат А.-ны кінәлі деп тануды және 10 жыл бас бостандығынан айыру жазасын тағайындауды, сондай-ақ жазасын қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтеуді белгілеуді сұраған.
Өз кезегінде, сотталушы А. кінәсін мойындап, кәмелетке толмаған А.-ға қатысты теріс ойы болмағанын айтып, бас бостандығынан айырмауды сұраған. Ал жәбірленушінің заңды өкілі, анасы сотталушыны кешірмейтінін айтып, қатаң жаза тағайындауды сұраған.
"Сотталушының кінәсі қылмыстық іс материалдарымен, куәгерлермен, жәбірленушінің жауаптарымен және басқа да объективті дәлелдемелермен дәлелденіп, расталды.
Сотталушыға жаза тағайындау барысында, сот оның қылмыстық жауаптылығы мен жазасын жеңілдететін мән-жайлар ретінде істеген әрекетіне шын жүректен өкінгендігін, ал қылмыстық жауаптылығы мен жазасын ауырлататын мән-жайлар ретінде оның қылмысты алкогольдік мас күйінде жасағанын таныды.
ҚР ҚК-нің 125-бабы 2-бөлігі 5-тармағының санкциясында мүлкі тәркіленіп, жетi жылдан он екi жылға дейiнгi мерзiмге бас бостандығынан айыру жазасы көзделген.
Сотталушы А. аталған бап бойынша кінәлі деп танылып, 10 жылға бас бостандығынан айыру жазасына кесілді. Жазаны қылмыстық-атқару жүйесінің қауіпсіздігі орташа мекемесінде өтейді" - делінген хабарламада.