26 жел, 2020 сағат 13:20

Кәмелетке толмаған балаға банкте депозит ашуға бола ма?

«Fingramota Online» қосымшасына желтоқсан айында жиі келіп түскен сұрақтардың арасында кәмелетке толмаған балаға банкте депозит ашу мүмкіндігі сұралған. Осы орайда fingramota.kz сайтында бұл сұрақтарға берілген жауап ұсынылды, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Қазіргі уақытта депозиттерді ашу бойынша тікелей шектеулер жоқ. Қазақстанның кез келген банкінде 18 жастан бастап депозит ашуға болады. Кейбір банктер ата-аналардың немесе қамқоршылардың бастамасымен және келісімімен «балалар» депозитін ашуды ұсынады. Кәмелетке толмағандарға өз бетінше депозит ашуды тек бірнеше банк ұсынады, олар депозит ашу кезінде өздерінің ішкі ережелеріне сүйенеді. Бұл ретте, ата-аналардың немесе қамқоршылардың келісімі міндетті түрде болуы тиіс», - делінген мамандардың жауабында. 

Айта кетейік, ҚР Қаржы нарығын реттеу және дамыту агенттігі 2020 жылғы 25 маусымнан бастап «Fingramota Online» мобильді қосымшаны іске қосты. Бұл қаржы реттеушісінің халықпен және бизнеспен өзара іс-әрекетінің ыңғайлы құралы.