Елорда әкімі Бақыт Сұлтановтың төрағалығымен өткен аппарат отырысында тұрғын үй-коммуналдық шаруашылығының қазіргі жағдайы, тазалық мәселесі көтерілді, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат" Елорда Инфо сайтына сілтеме жасап.
«Бүгінгі күні қаланың барлық тіршілікті қамтамасыз ету нысандары штаттық режімде жұмыс істеуде. Төтенше жағдай тіркелген жоқ. 26 наурыздан бастап қала бойынша экологиялық айлық басталды. Өткен демалыста болған алғашқы сенбілікте елордада 900 аула тазартылды», - деді қала әкімінің орынбасары Арман Тұрлыбек.
Оның дерегіне сүйенсек, сенбілікке Алматы ауданынан - 3500, Байқоңыр ауданынан - 3700, Есіл ауданынан - 3465 және Сарыарқа ауданынан 900 адам қатысты.
«Жерасты су деңгейінің көтерілуіне, жауын-шашынның көбеюіне байланысты тұрғындардың коммуналдық қызметтерде түскен шағымдары көбейді. Атап айтқанда, тек 31 наурыз күні тұрғындардан 909 шағым келіп түсті. Өткен аптаның ішінде аудан әкімдері 750 өтініш-шағым бойынша жұмыс істеді», - деді ол.
Сонымен қатар А.Тұрлыбек әлеуметтік желілерде қала бойынша санитарлық тазалықтың жоқтығына қатысты арыз-шағымдардың да көбейіп отырғанын тілге тиек етті.
«Сондықтан, Бақыт Тұрлыханұлы, аталған кемшіліктерді жою мақсатында аудан әкімдеріне тиісті тапсырмаларды беруіңізді сұраймын. Бүгінгі күні қала бойынша 1842 аула алаңында 10477 қоқыс контейнері орнатылған. Қазіргі уақытта қоқыс шығаруға қатысты тұрғындардың шағымы көбейіп кетті. Бұған қатысты әлеуметтік желілерде жазбалар мен фотосуреттер дәлелі аз емес. Мұның себебі - қоқыстың уақытында тазаланбауы. Сондай-ақ контейнердің өзі бос, бірақ оның жан-жағы қоқысқа толып жатады. Осындай жағдайдың орын алуына тазалыққа жауапты мердігер компаниялардың толық анықталмауы да әсерін тигізуде. Осыған орай, аудан әкімдеріне аталған мәселені тезірек шешу және қоқыс алаңдарының тазалығын қадағалау тапсырмаларын беруіңізді сұраймын», - деді Арман Тұрлыбек қала әкімі Бақыт Сұтановқа қарата.
Одан бөлек, әкім орынбасары қала және қала маңындағы су тасқынына қатысты жағдайға тоқталды. Оның сөзіне сенсек, елорданы су басу қаупі жоқ.
Өз кезегінде шаһар басшысы Бақыт Сұлтанов қыстан кейін қала қоқысқа толып кеткенін атап өтті.
«Көктем келіп қар еруде. Бірақ артынан бар былықтары шығып жатыр. Қазір қала толған қоқыс пен балшық, саз. Мен осы тұрғыда арнайы мобильді топ құрып, тексеруді тапсырдым. Суреттен қараңыздаршы не болып жатқанын. Осының бәрі жұмыстың уақытылы атқарылмауынан. Әйтпесе, қаражат бар, ресурс бар, қажетті мамандар бар. Аудан әкімдері қайда қарап отырсыздар?»,- деді әкім.