Фото:Pavlodarnews.kz
Екібастұз қаласының әкімдігі "Екібастұзжылуэнерго" ЖШС-ін сотқа берді, - деп хабарлайды Pavlodarnews.kz сайты.
Белгілі болғандай, азаматтық іс облыстық мамандандырылған ауданаралық экономикалық сотта қаралып жатыр. Қала басшылығы кәсіпорыннан апат салдарын жоюға бөлінген қаржыны өндіріп алмақшы екені атап өтілді.
Ресми мәліметтерге сәйкес, 2022 жылдың 28 қарашасы мен 8 желтоқсаны аралығында Екібастұз ЖЭО мен жылу желілеріндегі апатқа байланысты қалада техногендік төтенше жағдай жарияланған.
"Оның салдарын жою үшін жергілікті бюджеттің төтенше резервінен 22 миллион теңгеден аса қаражат бөлінді. Ол жанар-жағармай, ыстық тамақ, жататын орынмен қамтамасыз ету үшін кетті", - деп жазды Pavlodarnews.kz.
Қалалық прокуратураның ұсынысы бойынша кәсіпорынға аталған шығындарды өтеу туралы талап арыз жолданған.
"Екібастұзтеплоэнерго" ЖШС материалдық шығынды өтеуден бас тартты. Қалалық әкімшілік сот процесі аяқталмағанын хабарлады", - деп жазады басылым.