12 мам, 2025 сағат 12:10

Қақпаннан босаған Көк бөрі. Олжас Бектенов үкіметі «экономикалық ғажайыпқа» бір табан жақындай түсті

Фото: Айбар Олжаев facebook парақшасынан

Биылдың төрт айы бойынша Қазақстан «орта табыс тұзағынан» құтылып отыр. Егер осы көрсеткішті жыл аяғына дейін ұстай алсақ, онда мұнай бағасы құлаған уақытта ішкі жалпы өнімді 6 пайызға өсіре алған «феноменалды экономика» иесі атанамыз. Бұл туралы журналист Айбар Олжаев өзінің facebook парақшасында жазды, деп хабарлайды Ult.kz.

Бізге мұнай көмектеспесе, өсім ненің есебінен келді?

2025 жылғы қаңтар-сәуір аралығында Қазақстан экономикасының өсуі 6% болды. Ең мықты импульсті көлік және тасымал саласы беріп отыр. Осы сала 22,4 пайызға өскен. Біз жаңа темір жолдарын пайдалануға беру арқылы теміржолдағы жүк тасымалын жақсы арттырғанбыз. Яғни көбірек жүк таси бастадық. Бұл еліміздің транзиттік логистикалық бизнесті жақсы жолға қойғанын байқатады. Онымен қатар, транзиттік құбыр арқылы шикізат тасуды да жақсы дамыттық.

Тасымалдан кейін қатты өскені – құрылыс саласы. Ондағы нақты жұмыс көлемінің индексі 16,2 пайызға артқан. Құрылыс тоқтап тұрған жоқ. Көптеген өңірлерде нысандар бой көтеріп келеді. Құрылыстың мультиәсері ауқымды екенін ескерсек, осы саланың дамуы отандық материал өндірісіне де қолдау көрсетуде.

Біз үшін шикізаттық экономикадан кетіп, мұнайға деген тәуелділіктен құтылудың негізгі мүмкіндігін өңдеу өнеркәсібі ғана бере алады. Өңдеу саласындағы өсім 7,2% болды. Оның ішінде тамақ өнімдерін өңдеу 12%-ға, темекі өнімдерін шығару 26,3%-ға, химиялық өнімдерді өндіру 11,2%-ға және машина жасау 11,2%-ға артып отыр. 

Химияда жақсы өсуімізге әлемдік алпауыт Henkel компаниясының өз кеңсесін Ресейден Қазақстанға көшіруі кәдімгідей ықпал етті. Алпауыттың Қонаев қаласындағы химия зауыты өндірістік қуатын артырып, қазіргі таңда Қазақстанда шығарылған өнім бүкіл Орталық Азия мен Кавказды қамтып отыр. 

Темекіде Филипп Моррис Алматы облысындағы зауытында IQOS стиктерін өндіре бастады. Дәл осы Алматы облысында әлемдегі төртінші ірі ойыншы KT&G өз зауытын ашып, жұмысқа кірісіп кетті.

Олжас Бектеновтың дәуірінде Қазақстан мұнайға деген басы бүтін тәуелділіктен ақырындап құтыла бастаған сияқты. Біз 30 жыл бойы «осыны неге істемеске» деп келдік. Енді мұнай ғасырының аяқталуына деген дайындығымызды жалғастыра беру қажет. Жақын жылдары біздің экономикалық құрылымда шикі мұнай үлесін 15 пайыз деңгейіне дейін түсіре алсақ, шикізаттық бағыттан өңдеуші бағытқа трансформацияны сәтті аяқтадық деп есептей аламыз. Бірақ ол үшін әлі көп шаруа тындыру қажет.