16 қар, 2021 сағат 18:47

Қағаз жүзінде құжат талап ету үрдісі әлі де сақталып отыр - Президент


Цифрландыру қарқынын еш бәсеңдетпеуіміз керек. Бұл туралы Ұлттық қоғамдық сенім кеңесінің 6-отырысында ҚР Президенті Қасым-Жомарт Тоқаев айтты, деп хабарлайды "Ұлт ақпарат".

«Цифрландыру – мемлекеттік саясаттың ұзақ мерзімді басымдығы. Мен жақында арнайы комиссияның отырысын өткіздім. Алдымызда тұрған жаңа міндеттерді айқындадық. 

Біз цифрландыру қарқынын еш бәсеңдетпеуіміз керек. Бұл үрдіс барлық саланы қамтуға тиіс. Бірнеше мысал келтірейін. Қазір ақпараттық базалардың арасында байланыс жоқ. Соның салдарынан қағаз жүзінде құжат талап ету үрдісі әлі де сақталып отыр. Ұлттық кеңестің мүшесі Ләззат Қожахметова және Уайс Ерсайынұлы осы мәселеге тоқталды. 

Мәселен, Электронды Үкімет базасына Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігі көрсететін қызмет түрлері енгізілген.  Онда атаулы әлеуметтік көмек немесе көп балалы анаға төленетін жәрдемақы алатын азаматтар туралы мәлімет бар. Соған қарамастан жергілікті атқарушы органдар және білім беру мекемелері тұрғындардан мөр басылған қағаз анықтама талап етеді. Биыл Халыққа қызмет көрсету орталықтары осындай екі миллионнан астам құжат берген. Қазіргі цифрландыру дәуірінде мұның еш қажеті жоқ. Қарапайым мәселені мемлекеттік органдар өздері қиындатып отыр. 

«Электронды үкіметтің» базасына әкімдіктердің, Білім және ғылым министрлігінің ақпараттық жүйелерін қосу керек. Сонда Халыққа қызмет көрсету орталықтарының жұмысын жеңілдетеміз, азаматтардың уақытын үнемдейміз. 

Құжат айналымын және іс жүргізуді цифрландыра берген жөн. Қазір елімізде Еңбек шарттарын есепке алудың бірыңғай жүйесі біртіндеп енгізіліп жатыр. Бұл жүйе еңбек кітапшаларынан бас тартуға және қағазбастылықтан құтылуға мүмкіндік береді. Дегенмен, жұмыс берушілердің көбі әлі күнге дейін қызметкерлерінен еңбек кітапшасын, жеке парағы мен жазбаша өмірбаянын тапсыруды талап етеді. Азаматтардың бұған наразылық білдіруі орынды. Мұндай ескі тәсілдерден арылу қажет. Осы мәселені Ұлттық кеңес мүшелері және басқа сарапшылар да көтеріп жүр», - деді Мемлекет басшысы.